Жезқазған қаласының Қабанбай батыр ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа мектеп қолданысқа тапсырылды. Бір ауысымда 300 оқушыға арналған оқу орны биылғы оқу жылының үшінші тоқсанында алғашқы оқушыларын қабылдауға дайын. Қазіргі уақытта оқу процесін ұйымдастыру бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Облыс әкімі Дастан Рыспеков нысанның салтанатты ашылуы барысында нысанның дайындығын тексеріп, тұрғындарды құттықтаумен қатар ұлттық жобаны жүзеге асырудың өңірдегі білім беру инфрақұрылымын жақсартудағы маңыздылығын атап өтті.

Бұған дейін бұл ауданда мектеп болмағандықтан, балалар білім алу үшін қала орталығына баруға мәжбүр еді. Енді жергілікті оқушылардың ұлттық жоба стандарттарына сай заманауи әрі кең мектепте білім алуына мүмкіндік бар. Жергілікті атқарушы органның мәліметінше, мектепке 200 оқушы қабылданып, мұғалімдер мен қызметкерлер құрамын жасақтау жұмыстары жүргізілуде.

Екі қабатты ғимарат үш корпустан тұрады, олар тік төртбұрыш тәрізді пішінде біріктірілген, ал ортасында оқушылар демалатын ішкі аула орналасқан. Жалпы ауданы 5 616 шаршы метрді құрайтын мектепте 26 оқу кабинеті бар, олардың барлығы интерактивті тақталармен және заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мектептің айналасындағы 2 гектарға жуық аумақ толығымен абаттандырылған, спорт және ойын алаңдары орнатылған. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қолайлы орта жасалған: пандустар, лифтілер, инклюзивті білім беру кабинеттері, сондай-ақ психолог пен логопед кабинеттері қарастырылған.

Нысанның құрылысын «Нұр Астана Құрылыс» ЖШС жүзеге асырды. Айта кетерлігі, құрылыс нормативті мерзімнен бұрын, яғни 15 айдың орнына 9 айда аяқталды.

Осылайша, өңірдегі ұлттық жобаны жүзеге асыру табысты аяқталып, жаңа мектеп жезқазғандықтарға қызмет етуге дайын.

Төрағасының блогы