Samruk-Kazyna Construction Ақмола облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын аяқтады
Ақмола облысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жоспарланған тоғыз мектептің құрылысы аяқталды. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Көкшетау қаласындағы Сарыарқа ықшам ауданында салынған екі мектептің техникалық ашылуы өтті. Осылайша, «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басшылығымен Ақмола өңіріндегі ұлттық жобаның іске асырылуы өз мәресіне жетті.
Сарыарқа ықшам ауданында салынған жаңа білім беру нысандарының әрқайсысы бір ауысымда 1500 оқушыны оқытуға арналған. Бұл нысандар жақын маңдағы аудандарда орын тапшылығын жойып, үш ауысымды оқуды тоқтатады. Құрылысты «Integra Construction KZ» ЖШС және «УК Строй» ЖШС жүзеге асырды.
Екі мектеп те ұлттық жоба стандарттарына сәйкес келеді және орта білім берудің озық талаптарына сай жабдықталған. Типтік жоба бойынша салынған әр нысанның жалпы ауданы 15 000 шаршы метрден асады. Мектептерде 60 оқу кабинеті қарастырылған. Сондай-ақ, төрт спорт залы, 324 орындық акт залдары, грим бөлмелері мен гардеробтар, медициналық блоктар, 40 орындық көпфункционалды оқу залы және 30 000 астам кітап қоры бар кітапханалар жабдықталған. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін инклюзия кабинеттері, сенсорлық бөлмелер, логопед және психолог кабинеттері бар.
Мектептердің айналасындағы аумақ толығымен абаттандырылған: футбол алаңдары, жүгіру жолдары, секіру шұңқырлары және ойын алаңдары орналастырылған.
Айта кетерлігі, екі жаңа нысан бір-бірінен бар болғаны 800 метр қашықтықта орналасқан. Жергілікті атқарушы орган бірінші мектепке қалалық гимназия мектебі, ал екіншісіне техникалық мектеп-лицей мәртебесін берді. Қазіргі уақытта толыққанды оқу процесін бастауға дайындық жұмыстары жүргізілуде.
Бұл екі мектеп Ақмола облысында ұлттық жоба аясында пайдалануға берілген соңғы нысандар болды. Өңірде бір ауысымда 12 200 оқушыға арналған тоғыз білім беру мекемесі салынды.