Жаңа оқу жылында Байзақ ауданында "Жайлы мектеп" есігін айқара ашқан болатын

Жамбыл облысында 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында  жалпы 9500 оқушыға арналған 13 мектеп салу жоспарланған. Жоспарланған «Жайлы мектептердің» бірі құрылысын аяқтап,  Жамбыл облысы Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында халық игілігіне берілді.. 1-ші қыркүйек күні Оқу ошағының ашылу салтанатына Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, нөмірі 7 мектептің есігін айқара ашқан болатын, деп хабарлайды деп хабарлайды Jambylinfo.kz. 

"Жайлы мектептің" басқа оқу орындарынан қандай айырмашылығы бар?

Осы сұраққа жауап алу үшін  Jambylinfo.kz.  тілішісі арнайы Сарыкемер ауылына ат басып бұрып, "Жайлы мектептіің" ахуалымен танысып қайтты. 600 оқушыға арналған орта мектеп бірден көз тартады. Бүгінде білім ошағында 582 оқушы білім алуда. Педагог қызметкерлердің саны 57. Бастауыш және жоғарғы сынып білім алушылары  үшін бөлек блоктар қарастырылған. Оқушылар жекелеген блоктарда оқытылады. Балалардың жас ерекшелігіне сай блоктардың әрқайсысы оқу сыныптарымен, санитарлық тораптармен, спортзал және жеке шкафтармен жабдықталған. Ерекше қажеттілігі бар балалар үшін инклюзивті кабинеттер, пандустар, жедел сатылар, арнайы бейімделген әжетханалар бар.

 Мектеп заманауи интерьер бойынша жобаланып, безендіру талғамға сай жүргізілген. Оқушылар осыған дейін жүктемесі асып кеткен өзге мектептерде білім алған екен. Осы орайда айта кететін бір жайт, қарапайым мектептерді жарақтауға нысан құнының 5 пайызын бөлсе, жаңа форматтағы мектептерге 20 пайызы бағытталған. Мұндай жоғары жабдықтау – оқушылардың білімі мен біліктілігін арттырып қана қоймай, сонымен қатар бәсекеге қабілетті ортада өсуіне үлкен мүмкіндік сыйлайды.

Оқушы орнының жетіспеушілігін шешуге және қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған, ерекше назар аударылған. Әрбір ұстаз оқушының  жеке мүмкіндіктеріне сәйкес   сапалы деңгейде білім алуына жағдай жасау  арқылы  зияткерлік әлеуетін ашып, ел бірегейлігін нығайтуға, әділетті қоғам құруға қабілетті, білімді, адал ұрпақ тәрбиелеуді алдына мақсат тұтқан.

Бар ғұмырын балаға білім беруге арнаған ұстаздардың пікірін тыңдап көру мақсатында «Үздік педагог-2018», Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Үміт Сүгірбековамен тілдескен едік.

 Мен өзім 27 жыл ұстаздық еткен мектебімнен ауысып, осы «Жайлы мектепте» білім беруді алдыма мақсат  тұтып келдім. Мұнда жақын маңда орналасқан елді мекендерден балалар білім алуда. Барлық технологиялармен жабдықталған жайлы мектепте білім алуға балалар, ал білім беруге ұстаздар асық. Бұл қаладан алшақ ауыл балаларының осындай ғажап мектепте еш кедергісіз, барлық жағдайы жасалған оқу ордасында білім алуына берілген үлкен мүмкіндік. Былтыр Астана қаласына Президент съезіне барғанда дәл осындай екі жайлы бірақ ақылы  мектептерді көргенмін. Сонда ауылдағы қарапайым мектепте білім беріп жүрген мен «Астана немесе Алматыға кетсем бе екен» деген ойға шомған болатынмын. Алайдда менің ауылымнан ашылған осы «Жайлы мектеп» менің ойымды түбегейлі өзгертті. Үлкен қалалардағы ғажап мектепті біздің ауылдың төріне қондырып, заманауи үлгіде жабдықтап, барлық техникамен қамтылуы оқушының зейінін ашса, ұстаздың да мерейін тасытады деген үміттемін – деді Үміт Ізбасарқызы.

"Жайлы мектептің" көлемі қарапайым мектептерге қарағанда 15-20 пайыз  үлкен   

Қарапайым мектептерге қарағанда аудан көлемі 15-20 пайыз  үлкен, әрі   көлемі жағынан дәліздері мен сыныптары да кең орналасқан мектеп іші жарқырап тұр.  Оқушылар мен ұстаздарға арналған демалыс орындары және бір салаға қызығушылығы бар жандардың қарым-қатынасын орната білу қабілетін ашуға арналған нетворкинг аймақтары да бар. Қауіпсіздік үшін тәулік бойы бейнебақылау және кіріп шығуды қадағалау жүйесі іске қосылған. Техникалық жабдықталуы салыстырмалы түрде айтқанда 4 есе жоғары – теория мен практикаға қажетті құрал-жабдықтар берілген.

 Мұнда оқушылардың спортпен шұғылдануына, қызығушылығын арттыруға, бейімделуіне орай екі спорт зал қарастырылған. Мектепте антитравмалық спорт алаңдары (волейбол, баскетбол, футбол) салынған. Одан бөлек бастауыш сынып оқушыларына арналған үлкен заманауи ойын алаңы да оқушыларды қуантуда.

Мектептің іші мен сыртын, яғни балалардың толыққанды қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлығы 104 бейнебақылау камералары орнатылған. Ал оқу ордасының үш қабатында оқушылардың жас және жыныстық ерекшеліктерін ескере отырып барлығы 33 әжетхана қолданысқа берілген. Асхана да санитарлық талаптарға сай жұмысын жасауда.

Мектептегі оқу бөлмелері яғни кабинеттер жиһазбен қамтылып, стендтермен жабдықталған. Барлық биология, химия, физика сынды оқу бөлмелерінде түрлі эксперимент жасауға қажетті инвентарьлармен қамтылған және зертхана бөлмелері берілген. Сонымен бірге «Touch» экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жылдамдығы жоғары интернетке қосылу мүмкіндігі беріліп, сабақ барысында пайдаланылады. Балалардың шығармашылығын, сөздік қорын, журналистикалық қабілетін дамытатын, және медия тұлға болып қалыптасуына үлкен септігін тигізетін дыбыс акустикасы жоғары деңгейдегі студия да бар.

«Жайлы мектеп» туралы оқушылардың ойын білу мақсатында 11 сыныптың үздік оқушысы Ғайни Қайратпен тілдескен едік.                                                                      

–  Оқушылар үшін барлық жағдай жасалғандықтан, осы мектепке қызығып, басқа оқу орнынан ауысып келдім. Маған ұнағаны өте жайлы. Бұрынғы мектебімде тек инфрматика кабинетінде ғана принтер болатын, ал қазіргі мектептің әр кабинетінде принтер бар. Одан бөлек компьютер, интерактивный тақта, тіпті қол жуатын раковина да әр кабинетте бар. Одан бөлек бұрынғы мектебіммен салыстырып қарасам, әжетханаға бару үшін сыртқа шығатынбыз. Ал қазір осы бір мектептің өзінде 33 әжетхана қамтылған. Бұл деген сөз оқушы ен ұстаздың уақытын жоғалтпауына әсер етеді. Әсіресе бастауыш сынып оқушылары қыстың көзі қырауда сыртқа шығып әуре болмайды. Мұндай жайлы мектеп оқушылардың жақсы оқуы үшін берілген үлкен мүмкіндік – дейді үздік оқушы.

Расында айналдай жарқыраған жаңа әрі заман талабына сай барлық қажеттіліктермен қамтылған жайлы мектепте балалардың зейіні ашылып, болашағы жарқын боларына сенім білдірдік.

Жамбыл облысында 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында  жалпы 9500 оқушыға арналған 13 мектеп салу жоспарланған

Бүгінгі таңда Жамбыл облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 6 білім ошағының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл өңірдегі оқушы тапшылығы мәселесін шешуге сеп болатыны сөзсіз.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында білім беру жүйесін одан әрі дамытуға және мұғалімдерді қолдауға ерекше көңіл бөлініп, апатты мектептерді, үш ауысымдық оқытуды және орта білім беру ұйымдарындағы оқушы орындарының тапшылығын жоюға бағытталған «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы қолға алынған. Жамбыл облысында 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында  жалпы 9500 оқушыға арналған 13 мектеп салу жоспарланған.

https://jambylinfo.kz/zhanalyqtar/zhayly-mektep-stazdy-risin-ke-eytip-o-ushyny-zeyinin-ashady 

Төрағасының блогы