«Жайлы мектептер» несімен жайлы?
Еліміз егемендігін еншілеген сәттен бастап білім саласына айрықша көңіл бөлініп келеді. Бұл бағытта қолға алынған баянды бастамалар мен жарқын жобалар да жетерлік. Осының нәтижесінде, білім биігін бағындырған дарынды өрендердің де қарасы көбеюде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында да оқу-ағарту саласын назардан тыс қалдырмады. «Еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру ісінде орта білім беру жүйесі өте маңызды рөл атқарады. Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Осы өте маңызды жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры қадағалап отыр. Үкімет пен әкімдер бұл шаруаға белсене атсалысуға тиіс. Депутаттар да ортақ істен шет қалмайды деп ойлаймын», – деген Президент осы бағытта атқарылатын жұмыстардың әлі де ауқымды екенін баса айтты.
Президент тілге тиек еткен «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бүгінде қарқынды жүзеге асуда. Айталық, Жамбыл облысының өзінде 2024-2025 жылдары 41 білім нысанының құрылысы жүргізіледі. Жыл соңына дейін 18 мектептің құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Ал «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында өңірде 12 мектеп салынады. Оның ішінде 6 мектеп биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Солардың алғашқысы Білім күніне орай Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында есігін айқара ашты.
Осы ретте айта кетерлігі, жайлы мектептердің құрылысы еліміздің барлық дерлік өңірі мен республикалық маңызы бар қалаларды қамтыған. Білім ордалары әсіресе, Түркістан, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау облыстары және Астана, Алматы, Шымкент қалалары сияқты оқушы орындарының тапшылығы қатты сезілетін, тығыз қоныстанған өңірлерде салынбақ. Бастапқыда ұлттық жоба аясында 401 оқу орнының құрылысы жоспарланған болатын. Дегенмен министрлік жүргізген оңтайландырудан кейін мектептердің саны 32-ге азайтылып, 369-ға дейін қысқарды. Өңірлерде жүргізілген егжей-тегжейлі тексеру нәтижесіне сүйенсек, кейбір елді мекендерде қажетті мектептердің саны асыра бағаланғаны белгілі болды. Осылайша 2025 жылдың соңына дейін 151 мектеп салу қолға алынып отыр.
Осы орайда «Жайлы мектептің қарапайым мектептен айырмашылығы неде?» деген сауал туындайтыны сөзсіз. Ең басты ерекшелік – жоба толығымен республикалық бюджеттен қаржыландырылған. Сондай-ақ мектептер ауылда да, қалада да бірыңғай стандарт бойынша салынады. Жайлы мектептің тағы бір ерекше тұсы – 3D визуалдау. Аталған жүйе қазақстандықтарға болашақ жайлы мектептердің ішкі безендірілуін таңдауға көмектеседі.
Яғни 2024 жылғы 29 сәуірден 10 мамырға дейінгі аралықта кез келген азамат салынып жатқан заманауи мектептердің ішкі кеңістігін, құрылысының барысын онлайн режимде қадалауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ оқу нысанының құрылыс жұмыстары барысында сынып, дәліз, вестибюль, спорт залдары мен асханалар қалай безендірілетінін де көре алды. Виртуалды саяхат – болашақ оқушылар мен олардың ата-аналарына, мұғалімдеріне және басқа да азаматтарға мектептердің ішкі кеңістігінің интерьер шешімдерімен, түс дизайнымен танысуға және өз пікірлерін білдіру мақсатында берілген үлкен мүмкіндік. Құрылысшылар да орынды ұсыныстарды ескеруге, назардан тыс қалдырмауға тырысты. Сонымен қатар мектептерді жобалау және салу процесін бақылау арнайы әзірленген жұмыс кестесі бойынша жүзеге асады. Мердігер қандай да бір жұмыс түрлеріне үлгермеген жағдайда немесе артта қалып қойған болса, бұл жүйеде көрсетіледі. Сондай-ақ жүйеде барлық төлем құжаттары мен орындалған жұмыс актілері жазылады. Яғни мердігердің қанша соманы алғаны және нақты не істегені айдан анық көрінеді. Осылайша тұтас қоғам бақылау платформасына қол жеткізе алады.
Бұл жүйе, бір жағынан, қадағалау органдарына жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, сыбайлас жемқорлық тәуелділіктерінің жолына тосқауыл бола алады. Құрылыс нысандарына фото және бейнебақылау орнатылған. Әрбір мектептің құрылысын 1-ден 3-ке дейін техникалық қадағалау сарапшылары (жалпы құрылыс нормалары, инженерлік желілер және технологиялық жабдықтар бойынша) қадағалайды. Бұл жұмыстың барлық түрлерінің сапалы орындалуын қамтамасыз етеді.
Жайлы мектептің тағы бір жайлылығы – мұнда бастауыш және жоғарғы сынып оқушылары бөлек блоктарда білім алады. Әр блокта оқу кабинеттері, спорт залдары, дәретханалар салынады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау, дыбыстық хабарлау және басқа да техникалар орнатылады. Оқушылардың алаңсыз білім алуы үшін оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар, сонымен қатар кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен миларын тынықтыруына тиісті жағдайлар қарастырылған. Мектептер химия, физика, биология пәндері бойынша заман талабына сай кабинеттермен жабдықталады. Әр кабинетке touch-экрандар қойылып, мектептің кез келген жерінде жылдамдығы жоғары интернетке қосылу қиындық туғызбайды. Сондай-ақ ерекше білім алуды қажет ететін балаларға қажетті деңгейде жағдай жасалады. Жайлы мектептің жайлы болуына тек ішкі жағдай ғана емес, сыртқы жағдай да септігін тигізеді. Сондықтан мектепке апаратын жаяу жүргіншілер жолы, автобус бағыттары, аялдамаларды даярлау, мектепке апаратын жолдарға жарық қосу мәселелері де қолға алынған.
Ұлттық жобаның отандық экономикаға деген әсері де айтарлықтай жоғары болмақ. Өйткені мектепке қажетті жиһаздардың 95 пайызын отандық өндірушілер дайындайды. Құрал-жабдықтардың 60 пайызы өзіміздің ішкі нарықтан алынады. Сондай-ақ құрылыс материалдарының 65 пайызы отандық өнімнен тұрады. Демек, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында да ұлттық жобаның алар орны айрықша.
Айнура Сейділдаева
Дереккөз: https://z-taraz.kz/zhajly-mektepter-nesimen-zhajly/