Жаңа мектеп қай тілде оқытады?
Аймағымызда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыс орталығындағы «Достық» шағын ауданында жаңа білім ошағының құрылысы жүргізілуде. Аталған мектептің болашағы қоғам талқысына түсті. Дәлірек айтқанда, аймақ зиялыларын «жаңа мектепте оқыту тілі мемлекеттік бола ма немесе аралас бола ма?» деген сұрақ мазалауда.
Заманауи білім ордасының келешегін қоғам белсенділері әлеуметтік желіде де сөз ете бастаған еді. Мысалы, Павлодар қаласының тұрғыны Ертай Қабылқақов өз балаларын алыс мектепке тасуға мәжбүр екенін, ендігі кезде «Достық» және «Дачный» ықшам аудандарына балаларға таза қазақ тілінде білім беретін мектеп қажеттігін айтады. Одан кейін бірқатар зиялы қауым өкілі мен қоғам белсенділері арнайы бас қосып, ойларын ортаға салды. Кездесуге қатысқандардың қатарында ақын, журналист, Павлодар қаласының Құрметті азаматы Шолпан Байғалы да бар. Белгілі журналистің айтуынша, маңызды жиында зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері өз ойларын ортаға салған.
— Кездесуге қатысқандар заманауи білім ошағының оқушыларға мемлекеттік тілде тәлім-тәрбие берілуі тиіс деген ұстанымдарын айтты. Алдағы уақытта осы бағытта тиісті жұмыс жүргізілуі қажет. Павлодар қаласында таза қазақ тілді мектеп онсыз да аз. Кездесуде «Достық» шағын ауданындағы балалардың қандай тілде білім алғысы келетіні жөнінде талдау жүргізілетіні айтылды. Нақты шешім әлі шығарылмады, — деді Ш.Байғалы.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтеріп жатқан заманауи мектептің мәселесіне байланысты облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазинаға хабарласқан болатынбыз. Аймағымыздың бас ұстазы қоғамдық талқылауға түскен мәселе жөнінде пікірін Instagram әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазғанын айтты. Ондағы мәліметке сүйенсек, қазіргі уақытта Павлодар қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында екі мектеп салынуда. Оның бірі «Достық» шағын ауданында 1200 орындық оқу орны болса, екіншісі Гагарин көшесінде К.Мақпалеев атындағы №4 орта мектептің жанында 600 орындық білім ошағы бой көтеруде. Сонымен қатар, келесі жылы облыс орталығында 1000 орындық тағы бір
«Жайлы мектептің» құрылысы басталады.
Гагарин көшесі бойында салынып жатқан №47 мектепте оқу барысы мемлекеттік тілде болады деп жоспарлануда. Орыс тілінде білім алғысы келетін балаларды К.Мақпалеев атындағы орта мектеп пен №17 орта мектеп толық қамтамасыз етеді. Аталмыш білім ордаларында сабақтар мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі. Бұдан бөлек, заманауи талаптарға сәйкес, оқу жүйесін қамтамасыз ету және мектеп оқушылары үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында К.Мақпалеев атындағы білім ошағы 2025 жылы толық жаңғыртылады. Мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, барлық инженерлік коммуникация жаңартылады. Кабинеттер жаңа заманауи жабдықтармен толығады.
«Достық» шағын ауданында салынып жатқан жайлы мектептің оқыту тілін анықтау үшін биыл желтоқсан айының соңына дейін облыстық білім басқармасы осы шағын ауданда тұратын балалар құрамына егжей-тегжейлі талдау жүргізіп, бұл мәселені ата-аналармен міндетті түрде талқылайтын болады.
Самал Оспанқызының бізге берген жауабы — осы. Яғни, жаңа мектептің келешегі жыл соңында шешілмек. Басылым білім ошағына қатысты мәселені назарда ұстайтын болады.
Айдана ҚУАНЫШЕВА
Суретті түсірген — Есенжол Исабек.