Редакция: Бүгін Abai.kz ақпараттық порталына Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мырза өз мақаласын жолдапты. Біз аталған мақаланы сайт оқырмандарының талқысына ұсынғанды жөн санадық. 

Бүгінгі қоғамда білімге деген көзқарас өзгерді. Сұраныс артты. Дегенмен ұлы ұстаз Әбу Насыр әл Фарабидің: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген хикметі әлі өзекті. Ата-бабамыз тәрбиені тал бесіктен бастағаны сол. Біздің мақсатымыз - жас ұрпаққа сапалы білімді адамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген саналы тәрбиемен ұштастырып беру.

200-ден астам қазақстандық педагог «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде тағылымдамадан өтуде

Сапалы білім берудің негізі - мұғалімдердің әлеуетін үздіксіз арттыру екені белгілі. Осыған орай педагогтерді кәсіби дамыту жүйесі түбегейлі өзгеруде. Биыл 142 мың педагог біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Негізгі назар ауыл педагогтеріне бағытталған. Олардың үлесі 70%-ды құрайды.

Бірінші басшылардың кәсіби әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында мыңға жуық балабақша меңгерушісі, мектеп және колледж директорлары ротацияланды.

Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісі бойынша «Білім берудегі өзгерістің 1 000 көшбасшысы» іріктеліп, пилоттық режимде даярлаудан өтіп жатыр. Осылайша, 2024 жылдан бастап жыл сайын жаңа форматтағы басшылардың кадрлық резерві толықтырылатын болады. Колледждердегі менеджмент жүйесін жақсарту үшін  осындай кадрлық резервті жасақтау жұмыстары орта кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында да қолға алынбақ.

Сондай-ақ, үздік білім беру ұйымдарының басшыларын «Болашақ» бағдарламасы бойынша 3-6 айлық курсқа шетелдік стажировкаға жіберу жұмыстары жалғасады. Қазіргі уақытта 200-ден астам қазақстандық педагог «Білім беру» және «Педагогика» бағыттары бойынша «Болашақ» бағдарламасымен шет елдерде тағылымдамадан өтіп жатыр.

Педагогтерді аттестаттау жүйесін автоматтандыру үшін Ұлттық платформа әзірленуде

Педагогтерді аттестаттауға және біліктілікті арттыру жүйесіне қойылатын талаптар қайта қаралып жатыр. Ұлттық платформа негізінде мұғалімдерді аттестаттау процесі автоматтандырылады. Бұл – объективтілік пен ашықтықты айтарлықтай арттырады. Енді мұғалімнің қызметі туралы барлық ақпарат оның жеке кабинетінде жинақталады.

Ұлттық платформа арқылы педагогтерді жұмысқа қабылдау рәсімін толық автоматтандыру жоспарлануда. Сондай-ақ мектептерге жұмысқа орналасу барысындағы барлық сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою үшін үлкен жұмыс атқарылмақ.

Платформа 2024 жылдың қаңтарында Шығыс, Батыс, Солтүстік және Түркістан облыстарында пилоттық режимде іске қосылмақ.

Балабақшаға кезекке қоюдың бірыңғай деректер базасы әзірленуде

Бүгінде еліміздегі 11 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйымға 1 млн-ға жуық бала барады. 2-ден 6 жасқа дейін бүлдіршіндерді балабақшамен қамту көрсеткіші – 89,5% құрайды.

Орын тапшылығын шешу үшін балабақша ашылуы жалғасады. Биыл 81 мың жаңа орын пайдалануға беріледі.

Мектепке дейінгі ұйымдардағы орындарды бөлуде ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ету мақсатында Балабақшаға кезекке қоюдың бірыңғай деректер базасы әзірленуде.

Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграция жүргізу арқылы ата-аналардың құжаттарды жинауы қажет етілмейді, барлық деректер автоматты түрде расталады.

Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында 1 қыркүйектен бастап балабақшаға баратын 97 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтылды.

Салаға кәсіби мамандарды тарту мақсатында қыркүйек айынан бастап тәрбиешілердің жалақысы 30%-ға артты және бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады.

Үш ауысымдық, апатты мектептердің мәселесі жүйелі түрде шешіледі

Биыл 1 қазанға дейін елімізде 78,5 мың орындық 77 мектеп ашылды. Осы жылдың соңына дейін түрлі қаржы көздері есебінен
137,7 мың орынға арналған 165 мектепті, оның ішінде Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 77 мың орындық 62 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл 12 апатты және 29 үш ауысымды мектептің мәселесін және 113 ауылдық елді мекендердегі орын тапшылығын шешуге ықпал етеді.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде биыл
217 мектептің құрылысы биыл басталу көзделген.

Жалпы елімізде алдағы екі жылда барлығы 740 мың орындық 369 жайлы мектеп салу көзделуде. Сондай-ақ, биыл жоспарланған 260 мемлекеттік мектептің 206-ында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.

Қала мен ауыл арасындағы білім беру сапасының алшақтығын қысқарту мақсатында 1000 ауыл мектептерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 900-ге жуық мектепті жаңғырту аяқталды.

Осы атқаралып отырған жұмыстар үш ауысымды, апатты мектептердің жойылуына, оқушылардың білім алуына жайлы жағдайларды қамтамасыз етуге, жалпы білім сапасының арттыруына ықпал етеді.

Мектеп оқулықтарының 90%-ы цифрлық форматқа көшірілді

Бүгінде мектеп оқулықтарын цифрлық форматқа көшіру жыл басынан бері 80%-дан 93%-ға артты. Оның мақсаты - инновациялық әдістерді пайдалана отырып, ауылдық және қалалық мектептер арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты жою.

Сонымен қатар, робот техникасы, STEM, химия, физика, биология пәндерінен 1000 заманауи кабинетті ашу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 958 мектеп заманауи кабинеттермен жабдықталды.

Биыл бірінші рет ауыл мектептері арасында Республикалық олимпиада өткізіледі

Соңғы 3 жылда қазақстандық оқушылардың халықаралық олимпиадаларға қатысу рейтингі медальдар санының көбеюі және білім берудің сапасы артып келе жатқанын көрсетеді.

Біз олимпиадалар барысында бәсекеге қабілетті дарынды ұрпақ тәрбиелеуге міндеттіміз. Біздің мақсатымыз – зияткер, дарынды балаларды анықтау, дамыту және оларды қолдап, жетістікке жетелеу.

Биыл әлемдік ең беделді халықаралық пән олимпиадаларынан оқушыларымыз жүлдемен оралды: қоржынымыз 23 медальмен толықты. Оның 2-уі алтын, 11-і күміс, 10-ы қола медаль.

Оқушылардың әлеуетін дамыту үшін өткен жылы заңнамалық деңгейде Халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына және оларды дайындаған педагогтерге материалдық сыйақы төлеу нормасы енгізілді.

Елімізде тұңғыш рет әлемдік ең беделді 7 олимпиаданың қатарына кіретін  Халықаралық биологиялық олимпиада (IBO 2024) Астана қаласында өткізіледі.

Ерекше атап өтетін жағдай, биыл қазақстандық оқушылар Робототехника бойынша әлемдік бәйгеде 2-ші рет әлем чемпионы атанды. Биыл робототехникадан Халықаралық байқау Қарағанды қаласында өтті.

Қала мен ауыл арасындағы алшақтығын бағытында биыл алғаш рет ауыл мектептерінің оқушылары арасында Республикалық олимпиада өткізу жоспарлануда.

Келешекте ауыл балалары үшін осы олимпиада Халықаралық деңгейге шығуына интеллектуалдық лифт болары сөзсіз.

 Біртұтас тәрбие бағдарламасы әзірленді

Биылғы оқу жылының тағы бір жаңалығы - тәрбие мәселесіне баса көңіл аударылды. «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» әзірленіп, барлық мектептерге енгізілді. Оның мақсаты жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бағдарламаның басты ерекшелігі - бала тәрбиесінде «ата-ана-мектеп-қоғам» ынтымақтастығын нығайту.

Сонымен қатар, әр ата-ананы педагогикалық тұрғыдан сүйемелдеу мақсатында барлық білім ошақтарында  «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы» ашылуда.

Мектептердегі тамақ сапасын ата-аналар бақылай алады

Сарапшылар мектепте  ыстық тамақ беру бала ағзасына және интеллектуалдық дамуына оң ықпал ететінін дәлелдегені белгілі. Осы орайда тамақтану мәселесіне ерекше назар аударылды.

Бұған дейін еліміздегі 9 өңірде ғана оқушылар тегін ыстық тамақпен қамтылған болса, биылғы 1 қыркүйектен бастап барлық өңірдегі 1,4 млн бастауыш сынып оқушысы мен 5-11 сыныптар аралығындағы 200 мың әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары мектептерде тегін тамақтанады.

Бүгінде Министрлік тамақтандыру жүйесінің нормативтік-құқықтық базасын жетілдірді. Атап айтқанда, қызмет көрсетушілер алдын-ала СЭС қорытындысын алуы тиіс. Қамқоршылық кеңес, ата-аналар комитеті, мектеп әкімшілігі, медицина қызметкерінің өкілдерінен құралған бракераж комиссияларының қызметі күшейтілді.

Қабылданған шаралар тамақтану сапасын жақсартуды ғана емес, тамақтану мәдениетін арттыруды да көздейді.

 Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарындағы сақтық шаралары күшейтілді

Мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі - балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Ел Президенті Республикалық педагогтар съезінде мектепті ең қауіпсіз орынға айналдыру қажеттігін атап өтті.

Бұл бағытта Оқу-ағарту министрлігі ІІМ, ТЖМ және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс жүргізуде. Ведомство тиісті нормативтік құқықтық актілерді әзірледі.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарындағы сақтық шаралары күшейтілді. Балабақшалардың барлығына бейнебақылау орнатылды. Ал, мектептердің 90 пайызы ішкі істер органдарының жедел басқару орталықтарына қосылып, лицензияланған күзет қызметі және дабыл белгісі қойылды. Алдағы уақытта бұл жұмыстарды 100 пайызға жеткізіледі.

Алдағы 4 жылда 50 оқу-сауықтыру орталығы және 100 ірі қосымша білім беру нысаны салынады

Биыл 3 миллионнан астам бала қосымша білім берумен қамтылды. Ол үшін 2 мыңға жуық мектептен тыс ұйым, 380 түрлі үйірме жұмыс істейді. Жеке инвестиция есебінен биыл Астанада жаңа инновациялық орталық, яғни оқушылар сарайы ашылды. Бұндай заманауи орталықтар Қостанай, Маңғыстау, Павлодар облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларында да пайдалануға берілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2027 жылға дейін балаларға арналған 50 оқу-сауықтыру орталығы және 100 ірі қосымша білім беру нысаны салынуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар ерекше қажеттілігі бар балалар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан бүлдіршіндердің жеке дамуы мен көпшілік ортаға тез бейімделуіне үлкен мүмкіндік бермек.

Еліміздегі еңбек нарығына қажетті маман даярлауда техникалық және кәсіптік білімнің маңызы зор

Биылғы оқу жылында 772 колледжде 531 мың студент білім алуда. Оның 341-і мемлекеттік тапсырыс бойынша оқиды.

Президент тапсырмасын орындау мақсатында алдағы екі жылда жастарды сұранысқа ие мамандықтармен 100% тегін қамту көзделуде. 2025 жылы мемлекеттік тапсырыс көлемі 155 мыңға дейін артады. Оның 70%-ын техникалық мамандықтарға бағыттау жоспарланған.

Академиялық дербестік шеңберінде коледждер білім беру бағдарламаларының мазмұнын, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау үшін оқыту мерзімдерін айқындай алады. Студенттерге еңбек нарығына шығу үшін 3 біліктілікке дейін алуға мүмкіндік берілді.

Сонымен қатар, жұмысқа орналастыру міндеттемесімен кәсіпорындардың тапсырысы бойынша кадрларды даярлау жүзеге асырыла бастады. Қазір бұл бағытта 20 мың студент білім алуда. 2029 жылы олардың санын 80 мыңға жеткізу жоспарланған.

Биылғы оқу жылынан бастап студенттерді әлеуметтік қолдау мақсатында стипендия 50%-ға өсті. Ал, келесі жылы тағы 50%-ға арттыру көзделіп отыр.

Білім беру саласын цифрландыру аясында осы жылдан бастап колледж түлектеріне QR-коды бар диплом беріле бастады. Оның түпнұсқасы e-Govmobile мобильдік қосымшасында қолжетімді.

Колледждерге кәсіби білікті педагогтер мен басшыларды тарту мақсатында өндірістен мамандарды шақыру шаралары қабылданып, оларға 35% үстемақы тағайындалды. Бұл – кадрлық әлеуетті жақсартуға септігін тигізбек.

Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және студенттердің кәсіптік дағдыларын қалыптастыру мақсатында қарашаның 19-27 аралығында Астана қаласында «WorldSkills Kazakhstan 2023» Республикалық чемпионаты өтеді. Оған еліміздің 20 өңірінен 545 қатысушы, 520 сарапшы, сондай-ақ шақырылған қонақтар мен демеушілер қатысады деп күтілуде.

Биыл қыркүйек айында Польшада өткен EuroSkills Gdańsk жарысында Қазақстан құрамасы өз тарихында ең жақсы нәтижеге қол жеткізіп, 2 медаль мен 4 «Үздік медальон» иеленген болатын.

Ғани Бейсембаев

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі

Abai.kz

https://abai.kz/post/176018

Төрағасының блогы