АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов «Жайлы мектеп» жобасына енген нысандар тізімін қысқарту туралы ұсынысқа пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алматы облысы – қазіргі таңда үш ауысымды мектеп ең көп шоғырланған өңір. Облыстық білім басқармасының өкілі отыр. Сіздер осы қысқартылған тізімді қолдап отырсыздар ма? Сонда басында осы тізімді дұрыс бекітпегенсіздер ме?» деп сұрады Асхат Аймағамбетов комитеттің отырысында.

Басқарма басшысы Гүлсара Исағұлованың айтуынша, «Samruk-Kazyna Construction» акицонерлік қоғамының тізімді қысқарту туралы талабына шарасыздықтан келіскен.

«Әрине, біз қарсымыз. Оны өзіміз ұсынған жоқпыз. Бізден солай талап етті. «Тізімді қайта қарап беріңіздер, әйтпесе өзіміз көзді жұмып отырып қысқарта саламыз» деді. Негізі 63 мектеп керек болған. Бізде үш ауысыммен оқитын 52 мектеп бар. Осы тізімді қоя беретін болсақ, үш ауысымды мектеп саны 60-тан асып кетеді. Бір ғана Іле ауданында үш ауысымды 20 мектеп бар», - деді әкімдік өкілі.

Асхат Аймағамбетов «Жайлы мектеп» жобасының тізімімен бұлай «ойнамау» керектігін атап өтті.

«Қазіргі таңда ең басты проблема – тізімді қайта қарау. Тізім бекітілді. Оны ешкім аспаннан алып бекіткен жоқ қой. Ол барлық қоғамдық кеңестер, мәслихаттар, жергілікті азаматтар мақұлдағаннан кейін ғана бекітілген. Енді жаңағы әріптесіміз айтқандай мәжбүрлеп қысқарту қаншалықты дұрыс? Үкімет мұны мақұлдап отыр ма деген сұрақ бар. Тізім бекітіліп, әкімдер де, біздің депутаттар да сайлауалды насихат кезінде халыққа жария етті. Халық оның бәрін біліп отыр. Енді әкімдер, депутаттар халыққа қай бетімен түсіндіреді. Үкіметтің қаулысы орындалмай қалды деп қалай айтамыз. Мен тізімді дұрыс жасамағансыздар ма дегенді әдейі айтып отырмын. Кейбір лауазымды тұлғалардың «Ол тізім дұрыс болмаған. Ондай қажеттілік жоқ. Сондықтан келісіп жатырмыз» деген ақпараты бар», - деді Мәжіліс депутаты.

https://kaz.inform.kz/news/ashat-aymagambetov-salynatyn-zhayly-mektepterdin-azayyp-ketkenine-alandaushylyk-bildirdi_a4076969/

Төрағасының блогы