Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Арал қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған 300 орындық жаңа мектептің ашылу рәсімі өтті. Бұл білім беру мекемесінің құрылысы жаңа жыл қарсаңында аяқталған болатын.

Ұлттық жобаның барлық талаптарына сай тұрғызылған нысанның салтанатты ашылуына Парламент Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов, Мәжіліс депутаттары Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев және Мұрат Әбенов қатысты. Аймақ басшысы шарада сөз сөйлеп, жиналғандарды құттықтады.

«Мемлекет басшысының бастамасымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы еліміздің барлық аймағында іске асырылуда. Қазан айында облыс орталығында 900 оқушыға арналған алғашқы мектеп ашылды. Жуырда ғана Жаңақорған ауданының Жаңарық ауылында 300 орындық мектеп іске қосылып, бейімделген ғимаратта орналасқан бұрынғы мектептің мәселесі шешілді. Бүгін Арал қаласында республикалық бюджеттің қаржыландыруымен және «Samruk-Kazyna Construction» АҚ үйлестіруімен жүзеге асырылған, құны 2 млрд 608 млн теңге болатын 300 орындық жаңа мектеп ел игілігіне ұсынылуда. Бұл жоба арқылы үш ауысымда оқыту қаупі бар №62 және №220 мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шештік. Барлық жұмыстар жас ұрпақтың игілігі үшін жасалуда. Оқушылардың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасау – біздің басты мақсатымыз», – деді Н.Нәлібаев.

Салтанатты шарада Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, ауданның дамуына үлес қосқан ардагерлер мен құрылыс мекемесінің қызметкерлері марапатталды.

Мектептің құрылысын жергілікті «Бақ-Береке 2030» серіктестігі жүргізді. Бүгіннен бастап білім ордасында түрлі үйірмелер мен спорттық секциялар жұмысын бастады. Бұл оқушыларға бір ғимараттың ішінде әрі білім алуға, әрі шығармашылықпен айналысуға және спортпен шұғылдануға мүмкіндік береді.

Төрағасының блогы