Ескі білім ошағының орнына – жаңа жайлы мектеп
Ел Президентінің бастамасы аясында Алматы қаласы Алатау ауданына қарасты «Ақбұлақ» шағын ауданында 1500 орындық білім ошағы бой көтерді. Нысан ескі №154 мектеп орнына тұрғызылды. 850 орынға арналған ғимараттың жүктемесі 2,5 есе артып, ескіргендіктен ұлттық жоба бойынша сүріп, жаңасын салу туралы шешім қабылданған. Жұмысты – «Bazis Construction» серіктестігі орындады.
Компания дәл осындай екі білім ошағын Райымбек, 210 мекенжайы мен «Нұрлы дала» тұрғын үй кешені жанынан да тұрғызды. Бір ауысымда 1500 оқушыға арналған нысандардың ашылуын жергілікті тұрғындар асыға күткен болатын.
Шетелдік мектептермен терезесі тең білім ошақтары өз оқушыларын үшінші тоқсаннан қабылдайды. Балалар цифрлық жаңашылдықтармен жабдықталған кабинеттерде оқып, жаратылыстаны бағытындағы пәндік зертханалардан бөлек, робототехника мен STEM-зертхана сынды заман игіліктеріне қол жеткізеді. Осылайша сабақтарда алған білімі теория ретінде қалмай, іс жүзінде бекітілмек. Оқу ұяларында 3 спорт зал, жайлы кітапханалар, үлкен акт залы мен асхана бар. Қысқасы мектептер ұл-қыздарды зеріктірмес. Мұндағы дәліздердің өзі – кинодағыдай. Әр бала жеке заттарын сақтауға арналған шкафчикпен қамтылып, бос уақытын коворкингте өткізе алады. Оқу ұясының ауласы да спорттық алаңдар және балалар алаңқайларына толы.
Мектептеде жайлылық пен қауіпсіздіктің барлық талаптары сақталған. Нысан толық бейнебақылау камералары, дабыл түймелерімен қамтамасыз етілген. Заман талабына жауап беретін нысандар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында тұрғызылды. Бастама еліміздегі апаттық, үшауысымды мектептер мен орын тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған. Аталған мақсатта Алматы қаласында 22 жайлы мектепті салу көзделген. Оның 13-ін іске асыру бірыңғай дирекция «Samruk-Kazyna Construction» АҚ жүктелді.