Жаңа жыл қарсаңында Ақтөбе облысында екі жайлы мектептің құрылысы аяқталды

 

Бүгін Ақтөбе қаласында ұлттық жоба аясында бой көтерген екі жайлы мектептің техникалық ашылуы өтті. Бір ауысымда 300 баланы қабылдай алатын бірінші мектеп Ақжар-2 тұрғын алабында орналасса, бір ауысымда 2000 оқушыға арналған екіншісі Есет батыр-3 (Қарғалы) тұрғын алабында бой көтерді. Ақжар-2 мектеп ғимаратын «Бабек Құрылыс» ЖШС, ал Есет батырдағы білім беру нысанын «BI Global» ЖШС салған. Білім ұяларын Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаев аралап, балаларды қабылдауға дайындығына көз жеткізіп қайтты.

Бұл екі мектеп қаладағы мектеп тапшылығы мен үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге айтарлықтай ықпал етеді. Мәселен, Есет батырдағы жаңа мектепке осы уақытқа дейін Қонаев және Қызылжар аудандарындағы мектептерге қатынап жүрген балалар көшіріледі. Қазіргі таңда Ақжар-2 мектебіне 360 оқушы қабылданса, Есет батыр-3 мектебіне 1860 бала құжаттарын тапсырып үлгерген. Сонымен қатар, жергілікті атқару органдары екі мектептің педагогикалық құрамын және қызметкерлерін жасақтап, үшінші тоқсаннан басталатын оқу процесіне қызу дайындық жүргізуде.

Ұлттық жоба стандарттарына сай салынған бұл мектептер заманауи білім беру талаптарын толығымен ескереді. Мектептер жас ерекшеліктеріне қарай бастауыш және жоғары сыныптарға арналған блоктарға бөлінген. Барлық нысандар STEM-зертхана, робототехника кабинеттері, хореография залы, спорт және жаттығу залдары, кең асхана, медициналық пункт сияқты заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен бірге, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін инклюзиялық орта құрылды. Қауіпсіздік шаралары да назардан тыс қалмаған: орталықтандырылған жүйеге қосылған дабыл батырмалары, заманауи өрт қауіпсіздігі жүйесі және бейнебақылау камералары орнатылған.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Ақтөбе өңірінде бір ауысымда 11 400 баланы қабылдай алатын 14 мектептің құрылысы басталды. Олардың 12-сін 2025 жылы қолданысқа тапсыру жоспарланған.

Төрағасының блогы