Samruk-Kazyna Construction басшысы Ақмола облысының әкімімен кездесті
Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов пен аймақ басшысы Марат Ахметжанов облыста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысын талқылады.
Олар Елордадан 30 шақырым жерде орналасқан Целиноград ауданының Ақмол ауылындағы 1200 орындық білім ошағының құрылыс алаңына барды.
Айманбетов жайлы мектептер мен қарапайым жалпы білім беретін мектептердің басты айырмашылықтары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Сөзінше, жаңа білім беру нысандарының ауданы 15-20 пайызға кеңірек болады, ал техникалық жарақтандыру 4 есеге артады. Басқарма Төрағасы сондай-ақ өңір басшысынан жаңа форматтағы заманауи оқу орындарына жиһаз таңдау мәселесіне жәрдем көрсетуді сұрады.
«Мұғалімдер балалардың қалауын жақсы біледі. Бұған дейін әр облыста арнайы құрылған жиһаз комиссиялары барлық стандарттарға сәйкес келетін кәсіпорындарды анықтады. Енді жиһаздың әр түрі бойынша оңтайлы модельдерді таңдап, бізге дайын тізім беру керек, ал біз оны мектептердің жобалық-сметалық құжаттамасына енгіземіз», - деді Басқарма Төрағасы.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов бұл мәселені жеке бақылауға алатынын айтып сендірді. Ол бұған дейін Samruk-Kazyna Construction және мердігер ұйымдардың өкілдерімен кездесу барысында ұлттық жобаны іске асыру туралы айтқан болатын. (https://skcn.kz/ru/news/news/1284)
«Бұл ортақ іс, мұнда ұсақ-түйек болмауы керек», - деді сол кезде Ахметжанов. Әкім пилоттық ұлттық жоба аясында салынып жатқан мектептерге инженерлік инфрақұрылым тарту бойынша жобалардың уақтылы әзірленуін қамтамасыз етуді тапсырды.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Ақмола облысында 2026 жылға дейін 22 мың оқушыға арналған 18 білім беру нысанын салу жоспарланған.
2023-2024 жылдары 12 200 орындық 9 мектеп салынады. Олар Целиноград ауданы мен Көкшетау қаласында пайда болады. 2024-2025 жылдары Аршалы, Бурабай, Целиноград пен Шортанды аудандарында, Қосшы және Көкшетау қалаларында тағы 9 мектеп салынады.