63 жайлы мектеп: Түркістан облысы ұлттық жоба аясында салынатын білім ошақтарының саны бойынша көш басында
25 қыркүйекте «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы Мәулен Айманбетов Түркістан облысына жұмыс сапары барысында бірқатар жайлы мектептердің құрылыс алаңдарын аралады.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында бір ауысымда 49 мың орынға шақталған (екі ауысымда 98 мың орын) жаңа форматтағы 63 білім ошағы салынады. Бұл аймақ салынып жатқан мектептер саны бойынша көш бастап тұр, өйткені облыста халық тығыз орналасқандықтан оқушы орындары тапшы.
Жайлы мектептердің бірі Төле би ауданына қарасты Достық ауылында салынады. Ол 900 оқушыға шақталған. Айманбетов бас мердігер «УМИРЗАК» ЖШС-ға учаскені құрылысқа дайындау жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бүгінгі таңда аумақ толығымен қоршалмаған, тек 2 бейнебақылау камерасы орнатылған, нысанның паспорты мен қоршауда баннерлер де жоқ, ал уақытша электр және сумен жабдықтау желілері қосылмаған. Сонымен қатар, мектепті орналастыру мәселесін қайта қарау қажет.
Сондай-ақ, «Samruk-Kazyna Construction» басшысы Бәйдібек ауданына қарасты Шаян ауылында салынатын 300 орындық жайлы мектептің құрылысына дайындық барысымен де танысты. Бас мердігер – «Тамыз құрылыс ББК» ЖШС. Белгілі болғандай, бұл учаскеде де құрылыс жұмыстарына дайындық сылбыр жүргізілуде. Сонымен қатар, ғимаратты орналастыруға да қатысты сұрақтар туындады. Мектепке төрт жағынан да еркін кіруді қамтамасыз ету керек. Ол үшін Айманбетов жобалаушы ұйымның бас сәулетшісіне негізгі кіреберістің орнын ауыстыруды тапсырды. Сондай-ақ, мектептің жанында ауылдық стадион орналасқан. Тұрғындардың игілігі үшін оны мектеп жобасының құрамында қайта құру қажеттігі айтылды.
Мәулен Айманбетов Созақ ауданы Шолаққорған ауылындағы 900 орындық жайлы мектептің құрылыс алаңында да болды. Бас мердігер – «Қаратау ЛТД» ЖШС. Құрылысқа дайындық жылдамдығы мен сапасына қатысты сұрақтар бар. Жаңа мектеп жұмыс істеп тұрған ескі білім ошағының жанында салынбақ. Сол себепті құрылыс кезеңінде оқушылар мен мектеп қызметкерлерін басқа оқу орнына ауыстыру туралы шешім қабылданды. «Samruk-Kazyna Construction» басшысы ғимаратқа еркін кіруді қамтамасыз ету үшін төрт жақтан кең кірме жолдарды салуды тапсырды. Бұл факторды мектепті аумаққа орналастыру кезінде міндетті түрде ескеру қажет.
Барлық құрылыс алаңдарына тез арада жоғары жылдамдықты интернет тарту мәселесін шешу қажеттігі де ерекше ескертілді. Бұған дейін Айманбетов жайлы мектептер жылдамдығы кемі 100 Мбит/сек болатын кең жолақты интернетпен (https://skcn.kz/ru/news/news/1265) қамтамасыз етілуі керектігін бірнеше рет ескерткен болатын.
Мәселен, Достық ауылында салынып жатқан жайлы мектепке 1,8 км талшықты-оптикалық байланыс желілерін (ТОБЖ) тарту қажет, ал Шаян және Шолаққорған ауылдарындағы нысандарға сәйкесінше 1,58 км және 50 метр ТОБЖ тарту керек. Төраға бұл мәселені «Қазақтелеком» АҚ-мен пысықтауды тапсырды, өйткені интернет тек оқу процесінде ғана емес, сонымен қатар мектеп құрылысын тәулік бойы бейнебақылаумен қамтамасыз ету үшін де қажет.
Айта кету керек, нысандарды аралауға техникалық қадағалау сарапшылары да қатысты. Олар жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде құрылыс барысын қадағалайды. Нақтырақ, сапасын, мерзімдерін, шығындарды, орындалған жұмыстарды қабылдау және дайын нысанды пайдалануға беру үрдісін бақылайды. Заң бойынша әлеуметтік маңызы бар әрбір нысанда құрылыс жұмыстары кезінде техникалық қадағалау жүргізіледі.
Түркістан облысында ұлттық жоба аясында жоспарланған 63 мектептің 29-ын келесі жылы пайдалануға беру жоспарлануда. 2025 жылы 34 мектеп есігін айқара ашады.